АймақБасты ақпаратЖаңалықтар

Дін мен дәстүр үйлесімі

фото:аудан әкімдігінің ресми сайтынан алынды
фото:аудан әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Дін – халықтың рухани ғұмырының бір тірегі іспетті. Жер жүзінде дінге сенбейтін, белгілі бір дінді рухани азық етпейтін халық жоқ десе де болады. Дәстүрсіз ел, халық, ұл болмайды. Бұл-барлық ел мойындайтын аксиома.  Қазақ халқы қашан да мұсылмандықтың классикалық бағытын ұстанған халық. Адамзат қацымындағы көп діндер мен наным-сенімдердің түптеп келгенде тамырларының бастауы – Жалғыз Жаратушы Иемізге, оның адамзат үшін рухани қазығы Ханифтік негізге барып саяды. Менің айтайын дегенім – ата-бабаларымыздың сонау мыңжылдықтан  тарихи-мәдени түп тамыры бүгінгі күнге жалғасатын әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардың ұлыс-тайпаларды елдікке, мемлекеттік бірлестіктерге жеткізіп, ұйымдастырған – сол бір таным, бір сенім, бір мәдениет. Осы дүниелер аясына ендіріп, ортақ жол-жоба салған дәстүрлердің діни-рухани тамырларының бүгінгі қазақтың ұлттық құндылықтарына тікелей байланысы бар.

Осы тақырып аясында 14 маусым күні ауданымызда «Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» атты аймақтық имамдардың форумы болып өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Ораз Хазреттің тікелей бастамасымен ашылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан қаласының Кеңесінің және Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай үлкен деңгейде өткізіліп отыр. Форумға аймақтардан делегат ретінде көптеген дінтанушы теологтар мен ғалымдар қатысып, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шымкент облыстарына кіретін аудан, қала имамдары қатысты.

Аудан әкімі құттықтау сөзін жолдап, асыл дінімізді дәріптей келе, билік пен дін өкілдерінің мақсаты бір екенін және осы бағытта жұмыстардың жасалуына ұсыныс білдірді. Форумның маңыздылығына тоқтала отырып, алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен бірге, халық ақыны «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова апамыз шын көңілімен арнау өлеңін оқып берді.

Бісмиллаһи аттым мадақ Жаратушы Аллаға,

Бір жалғызсың құдіретңе табынатын хан, қара.

Қияметтің әміршісі сенен жәрдем сұраймыз,

Екі дүниеде құлдарыңды құтқаратын сен ғана.

Хақ діні үшін қан төгіліп өтті қанша майдандар,

Жүзім жарық болсын деген тура жолдан таймаңдар.

Найзағайдың күркірінен үрейі ұшқан үмметке,

Арашасы болатұғын хақ Мұхаммед Пайғамбар.

Дін дұрысын сынға салмай осы күнге дейін біз,

Құлқын үшін, мансап үшін өлуге де пейілміз.

Ақыл берген, сана берген Алла сүйген адамдар,

Өз міндетін ұмытпайтын құмырсқадан кейінбіз.

Жеті қырын жанын білген біздің ұлы далада,

Жетпіс бояу сәуле құрап, сыр құяды санаңа

Ғалам үшін Күнді, Айды, жұлдыздарды жаратқан

Адам үшін жаратыпты құдіретті Тағала.

Сондай еді Отырарлық Әбусейіт молдамыз,

Хақ жолында аянбапты жығылғанда орта біз.

Әбусейіттің жанкештілік еңбегімен сақтаған,

Арыстанбаб қазынасы бүгінгі ірі олжамыз

Я, Раббым, сен үстемсің, жағаны ұрған толқын көп,

Өткен күндер оралмайды жыласаң да еңкілдеп.

Қызыр қолдап, қабыл етсін дұғамызды қайырған

Сіз бен бізден, бәрімізден Алла разы болсын деп.

Форумда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, ұлттың рухани жаңғыру жолында – дініміз бен ата дәстүріміздің орны ерекше екенін айтты. Осы бағытта түрлі баяндамалар оқылды. Олар: РһD докторы, доцент ҚМДБ наиб муфтиі Алау Әбілдаев «Ұлы дала төсіндегі Ислам» тақырыбында, ал ОҚМПУ аға оқытушысы Қайрат Анарбаев «Дін мен дәстүр» тақырыбында болды. Сонымен қатар, Мұсабек Ақтамберді — Түркістан облыс өкіл имамы -«Қ.А.Ясауи кесенесіндегі Құран аяттарының сырлары» және Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев — Шымкент қаласы өкіл имамы – «Діни рәсімдердің орындалу мәселелері жөнінде, Қанат Әділханұлы  — Жамбыл облысының өкіл имамы – «Өңірдегі діни һәм әдет-ғұрыптардың жәйі» тақырыбында хабарлама ұсынды. Форум соңын ҚМБД наиб муфтиі Алау Әбілдаев пленарлық мәжілісті қорытындылады. Форумға қатысушылар «Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» атты аймақтық имамдар форумына қатысушылар, дініміз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қоса отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің бірауыздан қабылданған жаназа һәм жерлеу мәселелері, ас беру дәстүрлеріне негізделген пәтуасын ел арасында жүзеге асыру мәселесін қолдап, қуаттайтынын айтып, осы бағытта келесі мәселелерді жан-жақты қарастыруды мақсатты деп санайды.

Біріншіден, құдайы ас (садақа) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал дейді. Бұл ысырапшылықтың алдын алудың бір жолы. Қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп артық шығынды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған. Марқұмдарға арналған садақаны қаражаттай, тамақтай және заттай аз қамтылған отбасыларға таратуға болады. Осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыру – мақсатты. Өз кезегінде өңірдің мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында осы ұсынылған садақа мәзірін сақтауға шақырады.  Марқұмның бір жылға дейінгі садақа ас мәзіріне ұсынылатын тағамдар түрі: нан, бауырсақ, жеті нан, тары, талқан, (жарма), құрма, қант, кәмпит, печенье, өрік-мейіз, қаймақ, сары май, шай, су, ет немесе күріш.

 Екіншіден, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, қазаға көңіл айту үшін алыстан келген тума-туыс, жекжат-жұрағатқа ғана қарапайым дастархан жайылғаны абзал. Қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде өткізген дұрыс. Өйткені, бұл – жақынынан айырылған отбасы үшін едәуір салмақ түсіретін мәселе. Сондай-ақ, жұма күні өтетін садақа ас намаз уақытынан тыс уақытта өткізілуі қажет. Бұл күні күллі мұсылман жұртшылығы жамағатпен орындайтын жұма намазына барады.

Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау қажет. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофонды ұсынғанда сөйлеуші адамның атақ-абыройына айырықша тоқталу — артық. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе құба-құп. Ал садақаға қатысушылардың барлығының да сөйлеуі шарт емес. Осы орайда бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті. Біз, бүгінгі форумға қатысушылар, садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз.

Төртіншіден, жамағатты жаназа намазына толыққанды қатысуға, сап тысында қалмауға және намаздан бұрын арнайы митинг жасамауға әрі ретті-ретсіз, көп сөйлемеуге шақырамыз. Шын мәнінде, дәрет алып, жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлық болары сөзсіз. Дінімізде жаназа намазына қатысқан мұсылманға мол сауап жазылатыны айтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатындығы білдірілген.

Бесіншіден, мәйітті ақтық сапарына шығарып салу рәсімдерінің барлығын ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыру қажет. Мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң бірден жерлеуге алып кеткен жөн.

Алтыншыдан, қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алу ұсынылады. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Алайда, қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін зиратты тұтас қоршаған жөн. Қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау шарт емес.

Міне, «Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» атты аймақтық имамдар форумына қатысушылар, жергілікті халыққа діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бекіткен ұлттық дәстүрімізге сәйкес Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді, сондай-ақ және бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді жүзеге асыруға шақырады.

Аймақтар бойынша барлық қала, аудан имамдары талаптарынан көптеген жұмыстар жүзеге асырылуы ұйымдастырылған. Олар:  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің  төрт бағыт бойынша бастамасына (қайырымдылық шаралар, діни сауат ашу — ағарту жұмыстары, кереғар ағымдармен жұмыс, уағыз-насихат жұмыстары) сәйкес жұмыстарды жандандыру мәселесі, Сонымен бірге, кереғар ағымдардың іс-әрекеттерінің, діни экстремизм мен терорризмнің алдын алу шаралары бойынша кешенді кездесулер мен семинарлар ұйымдастыру, соның ішінде кереғар ағымдардың жетегінде кеткен азаматтармен жалпы және жеке кездесулерді тұрақты һәм жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізу болды. Жаназа һәм жерлеу мәселелері» кітабындағы пәтуаларды күнделікті уағыз-насихат барысында және жаназа рәсімдерінде басшылыққа алу, кісісі қайтыс болған үйдегі жиындар барысында жаназасы, жетісі, қырқы, жүзі, жылы, т.б. өкілдіктерде қабылдаған Құдайы ас (садақа) мәзірі бастамасын қолдауды жүзеге асыру. Астана қаласында өткен ІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы мен «Ханафи мәзһабы мен Матуруди сенімі мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымын насихаттау. ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің шешімімен қабылданған ҚМДБ Республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін күнделікті жұмыс барысында тұрақты басшылыққа алу;

Аймақ бойынша барлық қала, аудан, елді мекендердегі мешіттерде жұма намазы күні 1-2 минут көлемінде Имам Ағзам мазһабында намаз оқудың қимылдарын түсіндіріп отыру, жамағатқа діни білімді тек мешіттегі дін қызметкерлерінен және түрлі сұрақ-жауапты ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінен ғана алуды ескеріп отыру. ҚМДБ халал өндірістерінің саны мен сапасын арттырылу жұмыстарын қолға алу.

2019 жылғы 20 маусымынан бастап барлық қалалық, аудандық мешіттерде Мекке, Мәдина қалаларына қажылық сапарының ұйымдастырылуы бойынша арнайы курстар ұйымдастыру.

 «ҚМДБ қызметкерлерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті» құжаттарының тиісті дәрежеде орындалуын жүзеге асыру, соның ішінде әрбір мешіт қызметкерінің көпшілік һәм қоғамдық орындарда ұялы телефондарды бей-берекетсіз пайдаланушылығын (ойын ойнау, селфи жасау, т.б. әлеуметтік желілерді ретсіз пайдаланушылық мәселелеріне тосқауыл қою) шектеу, көлік жүргізу барысында жолда жол жүру ережесін сақтау;

Жергілікті жерлерде республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) мен жергілікті ақпараттық насихат тобы (ЖАНТ) және түзеу мекемелеріндегі (ТМ) жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру;

Мешіт жанынан құрылған Жастар және әйел-қыздар секторының жұмыстарын күшейту, жастарды қолдау жылы аясында түрлі деңгедегі кездесулер мен жастарға пайдалы шаралар ұйымдастыру;

Облыстық, қалалық, аудандық мешіт жанынан құрылған Зекет қорларының жұмыстарына атсалысу, осы бағыттағы насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу;

Жергілікті телеарналардан шығатын апталық имандылық иірімдері хабарларының жұмыстарын жандандырып, тұрақты қатысу, БАҚ өкілдеріне ҚМДБ келісімін алған соң ғана сұқбат беру;

Құрбан айт және Мәуліт, наурыз мерекелерін жоғары деңгейде атап өту және оны жергілікті мәдени ошақтарда өткізілуін ұйымдастыру;

ҚМДБ-ның ұстанамына сәйкес, әр имам кемінде 5 шәкірт тәрбиелеуі қажет деген тапсырмасының аясында мешіттер жанынан тұрақты түрде жұмыс жүргізетін діни сауат ашу курстарын (ДСАК) ұйымдастыру;

Мешіт имамдары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық шаралар өткізу;

Мешіттердің тазалығы мен дәретханасының заман талабына сәйкестендіру жұмыстарын ұйымдастыру;

Мешіт имамдарының тұрақты түрде күнделікті 5 уақыт және жұма намаздары барысында мешітте болып, намаздарды өткізуінің бақылауға алынуы; Түрлі деңгейдегі шаралар мен кездесулерде уағыз-насихаттарды салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен сабақтастырып, ұштастыра үйлестіріп, осы бағыттарды арнайы іс-шаралар ұйымдастыру;

Тұрақты түрде Ардагерлер кеңестерінің мүшелерімен және қалалық, аудандық БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізу;

ҚМДБ-на тіркелген мешіттердің құжаттарын толық заңдастыру, бұйрықсыз мешіт имамдарын арнайы сараптаудан өткізуге ұсыну, бұйрықтандыру жұмыстары қолға алу;

ҚР Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтына (Алматы қаласы) тұрақты қатысып, діни білімді ұдайы шыңдап отыру, оған барлық дін қызметкерлерінің қатыстырылуын ұйымдастыру, осы бағыттарда облыс, қала орталығында арнайы қысқа мерзімді курстар мен семинарлар өткізу;
Тұрақты түрде күнделікті бесін немесе ақшам намазынан кейін намазхандарға ҚМДБ бекіткен кесте бойынша 5-10 минут көлеміндегі уағыз жұмыстарының жүргізілуін ұйымдастыру;

       Өткеннен өнеге алу- ұрпақтар сабақтастығының кепілі десек те тарихи дамудың жаңа белестерінде болашақты өткенмен ғана өлшеу келер ұрпақтың пайым-парасаты мен қам-қарекетіне байланысты. Қашанда адамзат үшін дін мен дәстүрдің маңызы өте зор.

Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін берік сақтай білген ұлттың ғана ғұмыры ұзақ болмақ.                                                                                                                                                                                                                             Өз тілшіміз

Түлектер кеші

Алдыңғы ақпарат

Ұлы Отырар шайқасына – 800 жыл

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *