АймақӘлеуметБасты ақпарат

Ел құрметіне бөленген жан

Біздің дана халқымызда «Дарақ бір жерде көгереді» деген сөз бар. Бір қарағанда қарапайым ғана тәмсіл сияқты көрінетін осы сөздің астарына тереңірек үңілсеңіз үлкен мағына жатқанын аңғару қиын емес. Көбіне – көп бұл даналық бүкіл өмір жолын бір ммандыққа арнаған адамдар жөніндегі әңгімеге барып тоғысады. Ал, сол бір мамандығы барлық еңбекбаянында тек бір орында өтсе және ол жол жұрт бағалайтындай мазмұнмен көмкерілсе адам ғұмырын мәнді де сәнді етіп көрсетпес пе!?

Отыз жылдан астам өзі  жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша, әрі осынша уақыт Ырғыз аудандық орталық ауруханасында үздіксіз еңбек етіп жүрген Әзияш Жанайқызы Еділбаева дәрігер  деген абыройлы мамандыққа да, өзінің атына кір шалдырмай келе жатқан жан. Ол 1953 жылы желтоқсан  айының 15-жұлдызында Ырғыз селосында туған. Ырғыз қазақ орта мектебін, ал 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын балалар дәрігері мамандығы бойынша бітірген. Институт бітірер жылы Ырғыз аудандық партия комитеті Қазақ ССР Денсаулық сақтау Министрлігіне сұраныс жолдап, сол бойынша жергілікті кадр ретінде туған жеріне еңбек етуге  жіберіледі. Бір жыл Ақтөбе облыстық клиникалық балалар ауруханасында интернатурадан өткеннен кейін, Ырғыз аудандық орталық ауруханасында балалар дәрігері болып еңбек жолын бастады.

Алғашқы күндерден-ақ жас маманның теориялық білімділігі, уақытпен санаспайтын еңбекқорлығы, адами жақсы қасиеттері, ұйымдастырушылық іскерлігі көзге іліне бастады. Сөйтіп, небәрі бір жарым жылдан кейін  1984 жылы аудандық аурухана бас дәрігерінің  ұйымдастыру-нұсқау жұмыстары жөніндегі  орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы қызметті он жыл, 1994 жылдың наурыз  айына дейін  атқарған ол одан кейін балалар дәрігері болып екі жыл жұмыс жасады. 1996-2000 жылдар аралығында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, емхананың бас дәрігері, 2000-2003 жылдары қайтадан балалар дәрігері болды. Ал, 2003 жылдан бері орталық емхана меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.

Басшыға да, қатардағы маманға да білгенімен тоқтап қалмай, заман ағымына, уақыт талабына сай білімін жетілдіріп отыру басты міндет болып табылары анық. Әзияш Еділбаева да атқарып жүрген жұмыстарына сәйкес «Денсаулық саласын басқарудың жаңа міндеттері» циклдары бойынша 1987 жылы Украинаның Харьков қаласында, 1993 жылы Ақтөбеде, 2008 жылы Алматыдағы Денсаулық сақтау жоғары мектебінде, «Балалар неврологиясы» тақырыбында 2001 жылы Алматыда білім жетілдіру курстарынан өтті. Сонымен бірге, көптеген ғылыми-теориялық конференцияларға, семинарларға қатысып, аға буын дәрігерлердің іс-тәжірибелерінен үйреніп қана қоймай, өзі де ой-пікірлерін ортаға салып, кейінгі буынға білгендерін үйретіп келеді.

Ауруханаішілік, селолық, аудандық деңгейдегі қоғамдық, мәдени көпшілік шараларға да Әзияштың белсене араласып жүргенін жиі көруге болады. Еңбек жолын бастаған кезде аурухана жастарының  жетекшісі, кейінірек бастауыш партия ұйымының хатшысы, ал 1997 жылдан бері үздіксіз кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірде де іскерлігімен танылып жүр. Ырғыз селолық кеңесінің депутаты болып сайланды, бүгінде аудан әкімі жанындағы «Отбасы, әйелдер ісі және демографиялық саясат», «Халық денсаулығын қорғау» жөніндегі комиссиялардың мүшесі. 2007 жылы Ырғызда алғашқы аурухананың ашылғанына 120 жыл толуы облыстық деңгейде салтанатты жағдайда аталып өтті, осынау мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға, Ырғыз медицинасының тарихына арнап кітап шығаруға үлкен күш-жігерін жұмсады.

Әзияш Жанайқызының білікті дәрігер, іске ұйымдастырушы ретіндегі осындай еңбектері үнемі  жоғары басшылық органдар тарапынан лайықты бағаланып келеді. Ол 2002 жылы «Халық денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі үшін» Денсаулық сақтау Министрлігінің Алғыс хатымен, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының Құрмет грамотасымен, 2005 жылы республика Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының VII съезіне делегат болып қатысып, сол съезде Денсаулық сақтау қызмеркерлері кәсіподағының төсбелгісімен, 2005 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдармен, 2010 жылы Ақтөбе облысы бойынша денсаулық саласының өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің «Үздік дәрігер» номинациясымен, 2010 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағымен, 2012 жылы «Гиппократ антына беріктігі үшін», ал 2013 Пирогов медалімен марапатталды. 2014 жылы халық денсаулығын сақтаудағы мінсіз еңбегі үшін «Ырғыз ауданының жыл адамы-2014» атағы берілді. 2012 жылы Алматы қаласында өткен балалар дәрігерлерінің  республикалық  VII съезіне делегат болып қатысты. Осының барлығы Әзияш Еділбаеваның ауданымызда халық денсаулығын қорғау саласына сіңіріп келе жатқан зор еңбегіне көрсетілген құрмет деп білген жөн.

«Оқушы кезімде ұстаздарым маған өз мамандықтарын насиxаттап өздерінің ізін қуғанымды қалайтын, әсіресе математика, xимия пәндерінің майталман мамандары Көптілеу Ниязбаев және Төреxан Есназаровтар. Бірақ мен бала жүрегіммен армандаған мамандығым дәрігер болды және мен оны бірнеше жыл қатарынан барып Алматы Мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1982 жылы тәмәмдадым. Туған жерім Ырғызда еңбек етуге сол кезде аудандық партия комитетінің ауданға дәрігер жетіспеуіне байланысты Денсаулық Сақтау министрлігіне жолдаған сұранысы негізінде келіп, 37 жылдан бері бір ауруxанада дәрігерлік қызметімді абыроймен атқарып келемін. Зейнеткермін, әлі де өз денсаулығымның арқасында аудандық ауруxанада дәрігерлік кеңес төрайымы, жұмысшы — қызметкерлер кәсіподағының төрайымы міндетін атқарып келемін. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, сүйіспеншілікті талап етеді. Мен үшін марапаттың ең жоғарғысы — xалықтың шын пейілмен айтылған алғысы, содан артық «награда» жоқ. Көшеде жүргенде кейбіреулер, танығандары алдыма келіп «Сіз бәленшесіз ғой, сіз мені емдеп едіңіз ғой» деп қолымды алып, амандасып, алғысын айтып жатады. Сол кезде төбем көкке жетіп, жауырыныма қанат біткендей қуанышты күйге түсем. Жастарға айтарым, жанына шипа іздеп келген адамдарға аса мейірімділікпен қарап, емделуіне ашық қадам жасап, өміріне сенім беріп, өз міндетін дұрыс атқарса, халыққа да керегі осы»,-дейді маман.

Мерзімдік басылымдарда жарияланатын достық әзілдер, арнаулар дейтін поэзиялық жанр бар. Әдетте, мұндай арнау өлеңдер негізінен еңбекте, не өнер мен спортта есімі елге танымал тұлғаларға арналады. Әзияш қайсыбір жылы Жапонияға туристік саяхатпен барып келген болатын. Сонда талантты ақын Зәкіржан Кәлкенбаев аудандық газетке:

Медицина білімін мол игеріп,

Науқастарға жаңа қуат, күй беріп,

Жүретінсіз, қайттыңыз ба жол шегіп

Жапондардан жаңа емдер үйреніп, — деп жазса, енді бірде тағы бір жергілікті ақын:

Күні-түні бір тынбайды, терлейді,

Науқастарды мейіріммен емдейді.

Баласына риза болған ата-ана

«Айналайын, Әзияштай бол» дейді, — деп жыр арнаған екен.

Бүкіл саналы ғұмырын өзі таңдаған мамандығына адалдыққа, оның ішінде балалар денсаулығын қорғауға  арнап келе жатқан  Әзияш замандасымыз осындай, қандай құрмет пен мақтауға да лайық жан.

Рахымжан ӨТЕМІС

Отырар жерінде телехикая түсірілмек

Алдыңғы ақпарат

Шағын кәсіпкерлікке өріс кең

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *