Басты ақпаратЖаңалықтар

Ұлттық тәрбиенің түпқазығы

фото:ұлы даланың жеті қыры
фото:ұлы даланың жеті қыры

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын еңбегі оның 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы болып табылатыны даусыз. Өйткені, Мемлекет басшысы  бұл еңбегінде де Ұлы даланың тарихына, руханиятына қатысты  бірнеше жобаларды ұсынды. «Қазақстан  тарихы  да жеке  жұрнақтарымен емес, тұтастай  қалпында қазіргі заманауи  ғылым  тұрғысынан  қарағанда  түсінікті  болуға тиіс. Оған қажетті дәйектемелеріміз де жеткілікті», — дей келе автор «Қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында  құрылып, қазақ  ұлты  этногенезінің  негізгі элементтерін құрап отырғанын», еліміздегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келмегенін, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан  кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғанын айтады. Халқымыздың жері қаншалықты байтақ болса, өткен тарихы да сондай мол екендігі қандай мақтаныш! Өкінішке орай, кешегі кеңестік қоғам тұсында білім алған буын ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әлі «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы»дегеніндей осындай ғажап тарихты оқымай, сондықтан білмей өскен ұрпақпыз. Есімізде, «Ежелгі дүние тарихы», «СССР тарихы» деген оқулықтардың қалыңдығы екі елі, ал, «Қазақстан тарихы» пышақ қырындай ғана болатын. Оның астарында өз тарихымызды өзімізден жасырған шовинистік саясат жатқанын білгеніміз де қасиетті Тәуелсіздіктің арқасы еді.

Ал, ең өкініштісі коммунистік идеологияның «сендердің көздеріңді ашқан ұлы орыс халқы», «Ресейге қосылғанға дейін қой бағудан басқаны білмеген қараңғы, надан халық болдыңдар» деген үгітіне иланып өстік, бойымызда бодандық заманнан қалған құлмінездің әлі жойылмай келе жатқаны да сол «тәрбие-тәлімнің» салдары екені анық.

Елбасы жоғарыда аталған еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес… Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» деп жазады.

Осынау ұлт мерейін биіктететін пікірдің негізі тереңде жатқанын зерттеуші-ғалымдардың еңбектері айғақтайды. Олар «Ұлы дала» ұғымының кіндігі қазақтың Сарыарқасы деген байламға тоқтады. Қазіргі жыл санауымыздан үш мың жылдай бұрын түріктің ұлы көсемі Оғыз қаған осы далаға ордасын орнатыпты. Біздің заманымыздан бұрынғы 1800-1000 жылдары осы өлкеде дала өркениетінің мақтанышы – Сарыарқа теміршілері қалыптастырған қалалық мәдениет орталығы қола дәуірлік Бегазы-Дәндібай ошағы болған. Есік қорғанынан табылған Алтын адам да ежелгі материалдық игіліктердің түпқазығы қазақ жерінде жатқанын кешегі кеңес кезінде-ақ айғақтаса да сол кездегі орталық бұл дәлелді де мойындай қоймапты. Бір ол емес І Петр заманынан бері даламыздан талай алтынмен апталған мүрделер табылып, оны ресейлік экспедициялар тонап келген. Бүгінде әйгілі Эрмитажда тұрған сондай асыл заттардың қазақ жерінен табылғаны да мойындалмай отыр. Еврей ғалымдарының зерттеуінше ежелгі Мысырды билеген мәмлүктер біздің тілде сөйлеген. Әлемде Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алатын теңдесі жоқ Отырар кітапханасын да шет елдік шовинист ғалымдар иран мәдениетіне жатқызуы ұлтты қорлаудың жоғары шегі демеске амал жоқ.

Ойды ой жетелейді. Қазақтың кемеңгер билерінің бірі, кір жуып, кіндік кескен жері Ырғыз деп саналатын әйгілі Әйтеке бидің сүйегі Өзбекстанның Нұратасында жатыр. Әлімнің Төртқара атанып кеткен Қарамашағынан тарайтын, ақсақ Темірдің бас кеңесшісі Ораз бидің  атағы да заманында Бұқара, Самарқан, күллі Жиделі Байсын өңіріне кең тараған. Ал, әлемдік архитектура шедеврлерінің қатарында аталатын Самарқанды сондай деңгейге көтерген Жалаңтөс баһадүр екені даусыз ақиқат. Сонда осындай ұлы бабаларымыздың табанының ізі қалып, маңдай терлері сіңген, рухтары мәңгі дамыл тапқан жерлер сол замандағы қазақтың атақонысы болғаны ғой.

Сонымен бірге, кейінгі жылдары  табылған тарихи жәдігерлер – біздің  бабаларымыздың өз заманындағы ең озық,  ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей  қатысы  бар екенін айғақтайтын жәдігерлер Ұлы даланың  жаһандық тарихтағы орнына тың  көзқараспен қарауға  мүмкіндік беретініне назар аударады.  Елбасының  жаңа еңбегінде атқа  міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны, жылқыны  ең алғаш қолға үйреткен де,  оны әскери көлік ретінде пайдаланған да,  сауытты  ойлап тапқан да, садақ оғының ұшына темірден жебе  орнатып, екінші  ұшына   қауырсын байлаған да,  металл өндіру – металлургия өндірісін ашқан және қола,  мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпаларын алғаш алған да біздің  бабаларымыз екенін асқақ сезіммен айтылады. Сонымен бірге,  Алтын адамның алтынмен апталған киімі мен сауыт-сайманын өрнектеген бұрынғы  өткен  бабаларымыздың  өнерге қаншалықты  жақын, қаншалықты шебер болғаны, қала салып, сәулет өнерін дамытқаны нақ та шынай баяндалады. Әрине, мұның бәрін тарихи еңбектерде бұрыннан  бар  деректер десек те, елдің рухани өміріне зор серпіліс әкелген Елбасы мақаласынан кездестіруіміз жадымыздағы  бұрынғы ақиқатты нақтылай түскені даусыз.

Елбасы осы еңбегінде тарихи сананы жаңғыртуды  өзек етіп алып, бұл бойынша бірнеше рухани  жобаларды ұсынып отыр. Алдымен «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасап, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан  құрылған  арнайы  топтардың өз еліміздегі және шет елдердегі ірі архивтермен ұзақ мерзімді байланыстарын қалыптастыру арқылы  Ұлы далаға қатысты тарихи деректерді  жинастыру, оларды цифрлы форматқа көшіру назарға алынады. Бұл арада мектеп оқушыларын отаншылдыққа  тәрбиелеу үшін  мектептерде тарихи-өлкетану қозғалыстарын өрістеу қажеттілігі  туындайды.

Екіншіден, Ұлы даланың Әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай сияқты ұлы перзенттерін және басқа  да  тұлғалар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу үшін  «Ұлы даланың  ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы  және бейнелеу өнеріндегі ұлы  ойшылдар, ақындар мен ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды  галереясын жасауды қолға алу, «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік серияларын шығару, «Ұлы дала» ежелгі өнер және  технологиялар музейін ашу  уақыт талабына айналып отыр. «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі  қағандарының дәуірі және  басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізу, ежелгі Отырар қаласының бірқатар  нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғаларын ішінара қалпына келтіретін туристік жобалар да маңызды. Дала фольклорының антологиясын жасау, тарихи кино және телевизия туындыларын шығару да кезек күттірмес міндет ретінде қойылуда.  Ұлы даланың  ұлылығын ұрпақ санасына сіңіріп, одан әрі әлемге танытуда бұл жобалардың  маңызы зор.

Ендеше, алдымызда тұрған ендігі міндет – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»  еңбектерін оқи отырып, ондағы айтылған ұлттық құндылықтарымыз арқылы, ұлтымыздың туған елі мен жерін қадірлей білетін перзенттерін тәрбиелеу болып табылады.

Рахымжан ӨТЕМІС

Ырғыз өңірінің киелі жерлері

Алдыңғы ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *