АймақӘлеуметБасты ақпарат

Ұлы Отырар шайқасына – 800 жыл

фото:ашық ақпарат көзінен
фото:ашық ақпарат көзінен

Қайырханның азапты өлімі                                                                               

..Басындағы дулығасы ұшып кеткен, киімінің сау-тамтығы жоқ, алба-жұлба. Денесінің әр жерінен сызаттап қан шығып тұр. Сарай төбесінде жападан жалғыз қалқиып тұрып, төменге созылып жатқан туған даласына қарады. Тәңірдің рахымы түсіп, дала бозғылт нұрға оранып тамылжып тұр екен…                                                                                  Араб тілінен аударғанда «Қуатты хан» деген мағынаны білдіретін Қайырхан – Отырар қаласының билеушісі ретінде дүйім жұртқа таныс есім. Хорезмшахтарға қызмет етіп, қыпшақ тайпасынан шыққан. Кейбір дерек көздерінде оның тегі қаңлыдан шыққандығы, түрікше есімі Жаған-Тұғды екендігі айтылады.

Хорезмшах Мұхаммед Отырарға хан етіп отырғызғанда Қадырхан деп жариялаған. Түрікше «Ғайырхан» деген өзгеріске түскен. Қайырханның Отырарға билеуші болып келуін көптеген зерттеушілер Хорезмшах пен қыпшақтардың ара-қатынасымен байланыстырады. Қайырханның Отырар қаласының әміршісі болуы хақындағы деректер әлі де байыптауды қажет етеді. Хорезмшах әулеті қыпшақ билеушілерімен құда-жегжат қатынаста болғаны рас. Мәселен, Хорезмшах мұхаммедтің анасы Тұрқан қатун да, оның ұлы Жәлел ад-Диннің әйелі де – қыпшақ қыздары.

Алайда, Қайырханның Отырар тағына отыруын жекжаттық тұрғыда емес, Хорезмшах пен қыпшақтардың арақатынасы тұрғысында қарау керек. Тарихи деректерде Қайырхан – Тұрқа хатунның ағасының баласы, немере інісі. Ол Шыңғысхан шапқыншылығының алдында ғана Отырар қаласының әкімі болып тағайындалған. Дәл сол кездегі Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі тарихи-әлеуметтік жағдай өте қиын болған. Хорезмшахтар иеленіп жүрген бұл өлкелерде, Сыр, Талас, Шу өңірлерінің бойлары және Алатау, Қаратау алқаптарындағы қалаларда Қарахан әулеті өз билігін жүргізіп келген еді

Тарихи деректерге сүйенсек, «қаңлы текті» делінуі Қайырханның руын көрсетіп отырған жоқ, қаңлы, яғни хан болуға лайық, текті әулеттен шыққанын көрсетеді.

Мысалы, Махмұд Қашғаридің сөздігінде: «Қаңлы- қыпшақтың ұлы адамы», яғни ханы деген мағына береді деген сөз бар.

Қайырханның Отырар әкімі болуы да заңды құбылыс еді. Себебі, Хорезмшахқа сенімді туыс болды. Хорезмшах қыпшақтармен ашық араздасуға бата алмай, Қайырханмен мүмкіндігінше жақын болып, оны Отырар тағына ресми түрде өзі отырғызды. Отырарға билеуші болысымен – ол қаланың Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан сауда, экономикалық-мәдени мүмкіндіктерін тиімді пайданалуға күш салды. Қаланың қорғаныс шебі – бекінісін  нығайып, күрделендіре түскен. Ежелгі су жүйелерін жетілдіріп, өндірісті өрістетті. Бір сөзбен айтқанда ғылымы мен мәдениетін гүлдендірді.

Отырар – Хорезмшах империясының шығыс шекарасындағы өте маңызды әскери стратегиялық қала қамалы болды. Шыңғысханның Қытайға жасаған сәтті жорықтарынан кейін Хорезм шахы Мұхаммед Қарақорымға жедел түрде екі елшілік аттандырады. Екі жақты келісімнен кейін көп ұзамай 500 түйеден тұратын, құрамында 450 адам бар сауда керуені Отырар қаласына келіп жетеді. Керуен Отырарда Шыңғыс хан тыңшыларының арандатушылығымен жазаға ұшырайды. Шыңғыс хан Отырар билеушісін ұстап беруді талап етіп, бірақ Хорезмшах бұл талапты орындамай, келген елшілерді өлтіреді. Екі ел арасында соғыс басталып, қорғаныстың бес айы бітуге таянғанда хорезмдік әскербасы Қараша-Хаджиб 10 мыңдық қолымен жауға беріліп, моңғолдарды қалаға кіргізіп жібереді. Соғыс қала ішінде жүргізіліп, Қайырхан сенімді әскерлерімен қамалға бекініп, тағы бір ай соғысты. Қамалды қорғаушылар түгел қырылғаннан кейін ғана Қайырхан 1220 жылы ақпанда қолға түсіп, Шыңғысханның алдына апарылып, өлтіріледі.

Отырар ойраны – Шыңғыс хан жаулап алуына қарсы қала халқының ең ұзақ күресі болып есептеледі. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылады. Басып кіруге осы «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.

Отырарда өлтірілген керуен жайлы шындық күні бүгінге кейін бір ізге түскен жоқ. Бұл тарихи ақтаңдақ құпияны ішке бүгіп жатыр. Оған қырғызстандық өзбек ғалымы Р.Рахманәлиевтің мына бір пікірі дәлел: «Мұхаммед-шахқа Шыңғыс хан сый ретінде жөнелткен 450 адамы бар 500 түйелі керуенді Отырар әміршісі Қайырхан өлтіріпті-міс» деген кезінде кең тараған тарихи мәліметтің бүгінде ескіргенін айтпасқа болмайды. Жаңғырығы лезде өзіне батпан қасірет болып қайта оралатын мұндай қатерлі, ақылсыз қадамға есі дұрыс басшының бармасы — кәдік.

Шыңғыс ханның ел мен ел арасына тыңшы қызметін шебер пайдаланғаны және құпия барлау жансыздары арқылы күрделі түйіндерді шешіп отырғаны белгілі. Шыңғыс хан Отырар оқиғасында да өзі жіберген керуенді құпия түрде өз жансыздарына өлтіртіп, бар кінәні Қайырханға артты. Бұлай ету залым қағанға Орта Азияға, яғни «айыпкер өлкеге» қылмысын мойнына сала отырып, соғыс ашу үшін қажет болған. «Ислам энциклопедиясында» бір аты белгісіз автордың 1240 жылы бұл қырғынның Қайырхансыз жасалды деп мәлімдегені айтылыпты. Ал, В.В.Бартольдтің «Түріктер» атты еңбегінде Отырарда саудагерлерді өлтіруді моңғол дерек көздері Мұхаммедтің ұлы әрі мұрагері Жәлел Ад-динмен байланыстырады.

Ресей барлау жүйесінің генералы ғалым М.И.Иванин керуеннің қырғынға ұшырауы Шыңғыс хан ұйымдастырған тыңшылардың ісі екенін, Қайырханның жала құрбанына айналғанын ескертеді.

Сағындық Қыдырдың «Отырар ойранында» Қайырханның азапты өлімі жайлы жазылған.

«Моңғолдар ішкі қорғанға басып кірді. Шайқас енді ішкі қамал ішінде жалғасты. Қайырханның қасында соңғы екі сарбаз ғана калды. Олар шайқаса жүріп сарай төбесіне шығып кеті. Екі сарбаз да мерт болды. Екі әйел кіріп, сарай кірпішін бұзып, Қайырханға ұстатты. Қайырхан моңғолдарды кірпішпен ұрып құлатып жатты. Моңғолдар екі әйелді де садақпен атып құлатты. Әйелдің біреуі Қайырханның әйелі Жәмила бегім еді. Жараланып құлап бара жатып, күйеуіне қолын созып дауыстады. Байқаған Қайырхан ұмтылып барып, Жәмила бегімді құшақтап, басын сүйей берді. Әлі кетіп бара жатқан Жәмила бегім күйеуіне мейірлене қарап «Мына жалт-жұлт еткен алдамшы дүние үміт еткен арманыма жеткізбеді. Бәрі артта қалып барады», деп әлсіз жанарымен аспанға қарап жатып, үзіліп кетті.

Аяулы асыл жарын Қайырхан соңғы рет бауырына қысып, оның жанарына көз алмай ауыр күрсініп, ұзақ қарады. Әйелін жатқызып, қаһарлана орнынан көтерілді.

Басындағы дулығасы ұшып кеткен, киімінің сау-тамтығы жоқ, алба-жұлба. Денесінің әр жерінен сызаттап қан шығып тұр. Сарай төбесінде жападан жалғыз қалқиып тұрып, төменге созылып жатқан туған даласына қарады. Тәңірдің рахымы түсіп, дала бозғылт нұрға оранып тамылжып тұр екен.

Кенет қамал сыртынан «тұрыңдар» деген айқайды құлағы шалды. Артын ала аққа оранған адам сүлбелері бірінен кейін бірі көкке көтеріліп шыға бастады. Алдында кеше шейіт болған жан досы Санжар Сұлтанның сүлбесі. Артында оның шейіт болған елу сарбазының сүлбелері көкке көтеріліп, аспан көгін тұтаса басып қалықтап тұрды. Сауан Сұлтан сүлбесі Қаратау жақты меңзеді.

Қайырхан сол бетке қарады. Биікте, Қаратау шыңының ұшар басында, ақ бұлттар арасында бозарып Қорқыт ата бастаған бір топ әруақтар көрінді.

«Кіндік қамы тамған туған жер. Аш құшағыңды. Алшы мені бауырыңа»-деп Қайырхан биіктен төменге секірмек болып алға қарай тұра ұмтылды. Қоршап келген моңғолдар ұзын арқандарын ышқына лақтытып, оны дуал шетіне жеткізбей ұстап қалды. Осылайша Отырар қорғаушыларының Қаһарман басшысы Қайырхан жау қолына сүсті. Ұзамай Шыңғыс ханның басшылығымен, құлақ-көзіне қорғазын құйып, азапты өліммен о дүниеге аттанды».

Қайырхан кім? Оның есімі тарих беттерінде әртүрлі суреттеледі. Қазақ тарихындағы елеулі орын алатын оқиғалардың бірі — «Отырар ойраны» апатымен тікелей байланысты. Отырар ойраны жайлы сөз болғанда, «уысына қан шеңгелдеп» өмірге келген тарихтағы ең атышулы әмірші Шыңғысхан тұлғасын да айналып өте алмаймыз. Ал Қайырхан отырарлықтардың жанқиярлық ерлігін көрсетіп, отансүйгіштік қасиеттің қандай ұлы сезім екенін паш етіп отыр.

 

Жадыра Оразалиева

 

Дін мен дәстүр үйлесімі

Алдыңғы ақпарат

Отырарда Сапар ғимараты бой көтермек

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *