АймақБасты ақпарат

Жер шоқтығы – Бурабай

ФОТО: ашық ақпарат көзі
ФОТО: ашық ақпарат көзі

Бурабай Қазақстандағы ғана емес, ТМД аумағындағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Көркі көз тартар Бурабай шатқалындағы  шоқысы биік  бүдірлі таулар, ну орман, таза ауасы мен  емдік қасиетке ие  балшығы мен минералды суы келушілердің жайлы демалуларына барынша ыңғай жасаған. Көлдің ортасында мекендеген табиғаттың ерекше жаратылысы  «Жұмбақтас» тасы осы мекеннің ерекше сұлулығы ғана болып қоймай, мақтанышына  да айналған. Келген демалушылардың бәрі дерлік бірден көруге тырысатын танымал нысан. Туристердің бірден-бір  демалатын орындарының бірі – Бурабайдың таулары. Бөлектау биігіне шығып табиғаттың тамаша көрінісін көргеннен-ақ бұл мекеннің ерекше жаратылған жер жаннаты екеніне көзің еріксіз жетеді. Бөлектаудың шыңынан көрініп тұрған  үлкен және кіші Шабақшы көлінің сұлулығын  көргенде тамсанбай қалай қаласың? Одан басқа да ел арасында  «Кенесары үңгірі», «Ханның қызыл ағашы» атанып кеткен табиғаттың ерекше  көріністері де қазіргі таңда туристердің көп шоғырланатын орнына айналып келеді. Бурабайда тастан жасалған әртүрлі тас түзінділері бар. Соның бірі Көкшетау таулары  «Көгілдір таулар» деп аталады, өйткені оның аспаны көкпеңбек түсті және бұл жердің ауасы да тап-таза, мөлдір. Биіктігі 947 метрді құрайды, бұл Көкшетау қыратының бөлігі болып табылады.  Туристердің сүйікті жеріне айналған «Оқжетпес» жартасының биіктігі шамамен 300 метрді құрайды. Бұл таудың басы жерде жатқан тас пілге ұқсайды, сондықтан  кейде оны адамдар «піл» деп атайды. Жалпы, «Оқжетпес» шыңына шығуға болады. Оған шығатын бірнеше туристік маршруттар да бар, бірақ биік жартастан тек альпинистік құралдардың көмегімен ғана түсуге болады. Бурабай қонақтарының тағы бір сүйікті жері Ақылбай асуы. Ол Ақылбай есімді жергілікті жол көрсетушінің құрметіне аталған. Ақылбай орманды жерлерді өте жақсы білген адам және соның арқасында сауда керуендеріне Жеке-Батыр мен Көкшетау таулары арасындағы өткелден өтуге көмектескен.

Бурабай «Қазақстанның інжуі» деп аталатындықтан, кеңес дәуірінде осы жерге ақ мәрмәр түске боялған ұлу қабыршағы түрінде шағын ескерткіш орнатуға шешім қабылданды. Сондай-ақ, ол мұнда бір кездері болған теңізді еске түсіреді. Халық арасында «Ракушка» аталып кеткен бұл ескерткіш өте танымал, туристер ғана емес жергілікті тұрғындардың да жиі келіп суретке түсетін орнына айналған.

Ұйқыдағы жауынгерге ұқсайтын Жеке батыр тауы туралы да көптеген аңыздар бар. Деректерге сүйенсек, бұрын осы жерлерде ірі денелі, өте мықты батыр өмір сүрген екен. Ол өзінің туған өлкесін ауыл-ауылдарды талқандап, халқын тонап кететін жаулардан қорғаған. Айбынды батырды қарсыластардың ешқайсысы жеңе алмаған екен. Бірде батырға қастандық ойластырған қаскөйлер жауынгер тынығып жатқанда, оған жасырынып кіріп, пышақтап кетеді. Сөйтіп, халқын жаудан қорғаған батыр ұйықтап жатып, мәңгі ұйқыға кетті. Жеке батырдың рухы әлі де сол жерді қорғап жүр дейтін аңыздар осыдан тараған екен.

Жалпы Бурабай ұлттық паркінің аумағы 83510 гектарды құрайды. Оның 47400 гектары орманды алқап. Ұлттық парк – республикалық деңгейдегі ерекше жүйе бойынша қорғалатын табиғи орындардың қатарына жататын мемлекеттік мекеме болып табылады. Сондай-ақ, ҚР Президентігің іс басқармасы қарауында. Бұл жерде өсімдіктің 757 түрі бар, оның 12-сі қызыл кітапқа енгізілген. Жалпы, табиғаттың осындай бірегей түрленуінің бар құпиясы осы өңірдің топырақ құрамымен тығыз байланысты.  «Бурабай» ұлттық паркінде 14 көл, соның ішінде Бурабай өзені, үлкен және кіші Чебачье, Щучье, Катарколь, Горное, Майбалык, Лебединское, Қарасье және басқа да ірі көлдер бар.  Олардың ішінде тереңдігі 35 метрге жететін ең терең және таза көл Щучье, ал жылы және таязы Бурабай.  Бұдан бөлек Бурабай курорты аймағында орналасқан ашық аспан астындағы «Ботай — Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы жайлы айтып кетпеске болмайды.  Неолит дәуіріндегі этнопарк өңірдің туристік әлеуетін арттыруға зор ықпал етуде. Келушілердің зор қызығушылығын танытқан бұл нысанға ашылған жылдың өзінің бірінші  маусымында  5 мыңнан астам турист келді. Сыртынан қарағанда мұражай кешені үшбұрыш формасында жасалған, негізгі идеясы – тұмарды меңзейді. Егер үстінен қараса бойтұмарға ұқсайды. Жалпы мұражай кешені жеті үйден тұрады. Бірінші бөлме кіреберіс бөлмесі. Бірден  үйге кірген кез келген адам оның формасы мен төбесіне зер салады. Себебі, тұрғынжайдың формасы киіз үйге ұқсайды. Диаметрі 8-10 метр болатын тұрғынжай қыш пен тастан және мал мен аңдардың сүйегінен салынған. Үйдің едені 1 метрге дейін тереңдікте қазылған. Ал төбесі шағын бөренеден қаланған. Әр бөлме өзінің қызметін атқарады. Алғашқы бөлме кіре беріс бөлме,үйге келгендер осы жерге қару-жарақтарын тастап келесі бөлмеге өтетін болған. Келесі бөлме негізгі тұрғын жай. Бұл жерде отбасы жиналып,тұрмыстық жайттарын талқылайтын орын болған. Әрі жүрсе әкімшілік, шаруашылық бөлмесіне кіреді,  сол кездің өзінде адамдар  тас пен сүйектен бөлек, тері мен ағашты өңдеп, тұрмыстық заттар жасай білген. Төртінші тұрақ — жатын бөлме. Бөренеден жасалған кереуеттің үстіне шөп төсеп, жылқының терісімен жапқан. Жатын бөлмеде саты қойылған.

Үйдің тұрғындары бұл сатыны төтенше жағдай кезінде үйден шығу үшін пайдаланған. Ал үйдің басты бөлмесі – тайпа көсемінің бөлмесі. Бұл бөлмеге апаратын жол тар, ең басты ерекшелігі – кіретін есіктің маңдайшасы төмен орналасқан. Яғни, бөлмеге кіру үшін адамға еңкеюге тура келеді. Бөлмеге кірмей жатып-ақ адамдар еңкейіп көсемге құрмет көрсеткен. Тайпа басшысының бөлмесінде соғыс мен бейбітшілік, көші-қон, шаруашылық және т.б. маңызды мәселелер кеңесіліп, шешімін тапқан. Мұражайдың алтыншы бөлмесі — шаманның тұрағы деп аталады. Бұған қоса, үй болған соң, асханасы болуы заңды. Мұражайдың жетінші бөлмесі қымызхана деп аталады. Бұл бөлмеде жылқы байлап, бие сауып, қымыз піскен. Биені жылқы малының терісінен жасаған шелекке сауған. Мамандардың айтуынша, ол жабайы малды үркітіп алмас үшін табылған ақыл. Бөлмеде теріден жасалған күбі, шелек, мес және т.б. заттар қойылған. «Ботай-Бурабай» аспан асты мұражайына бір келген адам өзін еріксіз сол дәуірге апарады, соның ішіндегі барлық заттар соған себеп. Туристтердің өте көп қызығушылығын арттыратын бұл нысан келер жылы да талай адамдардың сүйікті орнына айналары сөзсіз. Өткен жылы Ақмола облысына 1 млн 200 мың турист келген. Курортқа демалуға келетіндердің 60 пайызы қазақстандықтар, 30 пайызы — ресейліктер, ал қалған 10 пайызы алыс шетелден келген қонақтар. Өңірде бүгінде шипажайларға туристерді қыс кезінде де тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде қысқы демалысқа айтырлықтай үлкен екпін қойылып отыр. Ендігі мақсат – саяхатшылардың саны артуына мүмкіндік жасау. Шипажайлар мен емдік мекемелер, қонақ үйлердің саны жетерлік, әлі де салынуда, олардың  барлығы келуші туристтерің жайлы демалып, денсаулықтарын түзеуге арналған. Алыс-жақын шет елге дем алуға сабылғанша, өзіміздің жеріміздің туризімін дамытып, өз тарихымызды біле жүру – азаматтық борышымыз ғана емес, мемлекетке қосқан зор үлесіміз болар еді.

Өңірді өнерімен өрнектегендер

Алдыңғы ақпарат

Түлектер кеші

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *