Елорда келбетін айшықтап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Астана – жаһандық ақылды қала» моделін жүзеге асыру үшін бірегей шаралар атқарылмақ. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдығына арналған «20 нақты бастама» атты бағдарламада «ақылды қала» мәселесіне айрықша назар аударылып отыр.
Аталған бағдарламаның 18-қадамында заманауи ақпараттық технологиялар негізінде әлеуметтік сала мен қалалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру қарастырылған. Сонымен қатар, қаланың денсаулық сақтау, білім беру, көлік және қауіпсіздік салаларында қолданылатын нәтижелі шешімдердің ауқымын кеңейтуге көңіл бөлініп отыр. Жалпы, 18-қадамда айтылған кез келген сала астаналықтар үшін маңызды болса керек. Әйтсе де, біз бүгін қаланың қауіпсіздік салаларында жасалып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып өтсек. Мысалы, осы бағытта «ақылды шамдар» мен бейнебақылау камераларын орнатуға ерекше назар аударылып отыр.
«АҚЫЛДЫ ШАМДАР» АҚША ҮНЕМДЕЙДІ
Биылдан бастап іске қосыла бастайтын «Ақылды шамдар» «Astana Innovations» АҚ компаниясының ерекше жобаларының бірі болып саналады. Мамандардың айтуынша, аталған жоба жарықдиодты шамдар орнату мен көшені жарықтандырудың «ақылды» жүйесіне көшу арқылы энергия үнемдеуді арттырады. Жоба аясында натрий шамдарды заманауи жарықдиодты шамдарға алмастыру жоспарланған. Мамандар қуаттылығын реттеуге болатын шамдардың жалпы саны 25 мыңнан кем болмайтынын айтады. Сондай-ақ, жоба авторлары көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясын пайдалануды шамамен 50 пайызға азайтып, ақылды жүйенің көмегімен шамдарды қолдануға жұмсалатын қаражатты қысқартады деп отыр.
«Astana Innovations» компаниясының атқарушы директоры Тілектес Адамбековтің айтуынша, «ақылды шамның» артықшылықтары мол. Біріншіден, «ақылды шамның» арқасында ақша үнемделеді, екіншіден, түнгі уақытта қалада қорықпай жүруге мүмкіндік тумақ.
– Астанада жүзеге асырып жатқан көптеген жобаларды өз ойымыздан шығарып жатқан жоқпыз. Біз елордада енгізіп отырған жобалардың көпшілігін халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасап жатырмыз. Бала күнімде қаладағы шамдар адамдарға қажет уақытта жанбайтындығына таңғалатынмын. Мәселен, кей кездері көшедегі шамдар күндіз жанып тұрса, кейде күні-түні жанып, шығын келтіретін. Бір қызығы, адамдарға ең қажетті уақытта, айталық сағат 18.00-19.00 аралығында электр жарығы берілмейтін. Біздің мақсат электр энергиясын дер кезінде беріп қана қоймай, оны үнемдеу болып отыр. Өйткені «ақылды шамдар» қараңғы болған кезде автоматты түрде жанып, ал күндіз өзі сөнетін болады, – дейді Тілектес Адамбеков.
ТЕГІН WI-FI ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру бағаналарында «Заттар интернеті (IoT)» «ақылды» сервисі енгізіледі. Бұл сервисті іске асыру өзге есептегіштерден мәліметтер жинау үшін бірыңғай сымсыз жүйе, ақпараттық кесте, авариялық көмек түймесі (SOS), фотобейнетіркеу, көлік ағынына мониторинг жасау, қоршаған ортаны бақылау, Wi-Fi сынды сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, WLAN қолдануға, қоршаған ортаны бақылау және мониторинг жүргізуге, көліктер ағынын бақылауға арналған.
Тілектес Адамбеков «ақылды шамдар» жобасы арқылы Wi-Fi-дың іске қосылатынын айтады. Мысалы, бүгінде әлемнің ең ірі қалаларының кез келген жерінде Wi-Fi-ға кіруге мүмкіндік қарастырылған. Дамыған елдер тәрізді біздің елде де ғаламторға кіру қолжетімді болуы керек.
– Мәселен, Астанаға шет елден келген азаматтар отандық операторларға қосылмағаннан кейін телефоны арқылы интернетке қосыла алмай жатады. Сондықтан да біз оларға 24 сағат бойы әрі Астананың кез келген жерінде Wi-Fi-ға кіруге мүмкіндік жасауымыз керек. Сондай-ақ, ауаның қаншалықты таза, таза емес екенін өлшейтін жоба «ақылды шамдар» арқылы жүзеге асатын болады. Ұзын сөздің қысқасы, «ақылды шамдарды» іске асыру арқылы бюджеттің ақшасы шашылмай, керісінше, үнемделе түседі, – дейді ол.
Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге көлемінде жеке инвесторлардың қаржысы тартылмақ. Байқау қорытындысы бойынша инвестормен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөніндегі келісімшартқа қол қойылады деп күтілуде. Демек, «ақылды шамдар» арқылы алдағы уақытта қыруар қаржы үнемдеуге мүмкіндік тумақ.
БЕЙНЕБАҚЫЛАУДЫҢ БЕРЕРІ КӨП
Бұған дейін қала әкімі Әсет Исекешев ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін қала аумағында 3 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылатынын айтқан болатын. Ал 2018 жылы елордадағы бейнебақылау камераларының санын 7 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Негізі, бас қаладағы бейнебақылау камераларын көбейту шаралары тектен-тек жасалып отырған жоқ. Өйткені аталған құрылғы арқылы қылмыстың алдын алып немесе оны ашып отыруға мүмкіндік тумақ.
– Мысалы, Шанхайда оқып жүргенімде, бір студент танысым өзінің бір жылдық оқу ақшасы мен құжатын таксиде қалдырып кеткен болатын. Біз не істерімізді білмей қатты састық. Алайда полиция қызметкерлеріне арыз жазып, шағымданып едік, олар жоғалған затты бір сағаттың ішінде тауып берді. Мысалы, белгілі бір жерден сағат 13.00-де таксиге отырсаңыз, олар бейнебақылаудың арқасында таксидің нөмірін тауып береді. Ал Шанхайда адам тасымалдаумен айналысатын 3-4-ақ компания жұмыс жасайды. Сондықтан да олар өздері-ақ жоғалған затты иесіне тапсырады. Мұның бәрі айналып келгенде бейнебақылау камераларының арқасында мүмкін болып отыр, – дейді Тілектес Адамбеков.
Сондай-ақ, ол қылмыстың көбінесе адам аяғы аз жүретін қараңғы жерде жасалатынын айтады. Ал қараңғы жерде қанша жерден бейнебақылау камерасы болғанымен, күдіктінің кім екенін анықтау қиын. Сондықтан да ол «ақылды шам» мен бейнебақылау камералары бір мезгілде жүзеге асыру керек деген пікірде. Бұдан бөлек, бүгінде бейнебақылау камералары терроризмнің алдын алу үшін таптырмас құрал болып отыр.
– Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда дүние жүзінде терроризммен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр. Міне, осы терроризмнің алдын алу мақсатында ақылды бейнебақылаулар пайдалана бастады. Аталған бейнебақылау камерасының ерекшелігі адамның түрі мен қимыл-қозғалысына қарап оның қауіпті немесе қауіпсіз екенін аңғара алады. Осындай белгі байқалған жағдайда, біздің сақшылар жедел әрекет етіп, қауіптің алдын ала алады. Әрине, мұндай технологияның кез келген жерге енгізу мүмкін емес шығар. Алайда ең біріншіден халықаралық әуежай мен теміржол вокзалы сынды адам көп жүретін жерге қойылып жатыр, – дейді Тілектес Адамбеков.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Астананы «ақылды қалаға» айналдыру мақсатында елордада ауқымды істер жасалып жатыр. Ал осы жұмыстардың ішінде «ақылды шамдар» мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын бөле-жара айтқан жөн. Егер болашақта Шанхай қаласындағыдай жоғалған затыңызды бір сағаттың ішінде тапсаңыз, таңғалмаңыз







Пікірлер