Бурабай өңірінен де ел басына күн туған шақта етігімен су кешіп, жерін жаудан азат етуге көптеген жауынгерлер аттанды.
Меньшиков Петр Михайлович. 1918 жылы Бурабай шипажайында қарапайым отбасыда дүниеге келді. Бастауыш сыныпты тәмамдап, вагон депосында жұмыс істеді. 1941 жылы қарашада майдан шебіне алынып, 58-гвардиялық Кавказ полкінің взвод командирінің көмекшісі болды. 1943 жылы 27 қыркүйекте Днепр өзенінің маңындағы Брагенский ауданына қарасты Нивки ауылын жаудан азат етуге қатысты. Одан бөлек, бірнеше кескілескен ұрыстарда ерлік көрсетті. 1944 жылы қаңтардың 15-де Кеңес Одағының Батыры атағы және Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі берілді.
Соғыстан қайтқан соң, ел игілігі үшін қызмет етіп, 1970 жылы 21 ақпанда қайтыс болды. Бүгінде батыр атында Щучинск қаласында көше бар.
Яглинский Михаил Васильевич. 1922 жылы 27 қыркүйекте дүниеге келді. 1942 жылдан бастап 110-барлау ротасының взвод командирі болды. 158-атқыштар дивизиясының аға сержанты жау тылында бірнеше барлау жұмыстарына қатысты. 1944 жылы желтоқсан айында 26 тұтқынды босатты. Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 3 дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған. 1978 жылы 28 желтоқсан күні көз жұмды. Батыр атымен туған жерінде көше атауы бар.
Куница Алексей Сергеевич. 1912 жылы 12 мамырда бұрынғы Николаевка қазіргі Жетіген ауылында дүниеге келді. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы майдан шебіне аттанды. 4-гвардиялық әуе-десант полкінің взвод командирі аға сержант Куница 6.10-10.10.1943 ж. Рубин селосы, Чернобыль ауданы, Киев облысы, Днепрдің оң жағасында плацдармды ұстап, екі рет жараланды. Бірақ взвод ұрысын басқара отырып, сапта қалды. 1943 жылы ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Сыщенко Николай Николаевич. 1923 жылы дүниеге келді. 1943 жылы әскер қатарына алынды. Сол жылы Крутой Лог селосы маңында болған ұрыстаң соң 3 дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Кейін Днепр өзенін жаудан азат етті. Берлинде 1 дәрежелі Даңқ орданімен марапатталды.
Соғыс біткен соң Шучинск қаласына қайтып келіп, еңбекке араласты.
Бұл бейбіт заман үшін күрескен батыр тұлғалардың бір парасы ғана. Отан үшін жан беріскен халық ұлдары ел жүрегінде мәңгілікке сақталмақ.








Пікірлер