Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIII съезінде аз қамтылған отбасыларға көмек жақын уақыттан бастап көрсетілу керектігін айтты. Осыған орай, өңірлерде аталмыш тапсырма аясында жұмыс басталып кетті.
Алға ауданына 498 отбасыны (2450 адам) атаулы әлеуметтік көмекпен қамту туралы тапсырма келіп түсті. Оған жалпы 147 млн теңге бөлінді. Соның ішінде республикалық бюджеттен 87 млн, жергілікті бюджеттен 60 млн теңге бөлінген. І тоқсанның нәтижесі бойынша 373 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 310 отбасы шартты түрде 16 млн 841 мың теңге, 63 отбасыға 5 млн 83 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Ауданда 4 және одан да көп балалы 764 отбасы тіркелген. Соның ішінде І тоқсанда 157 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды.
Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді.
Шартты ақшалай көмек отбасында жұмысқа қабілетті 1 адам болған жағдайда, әр 6 ай сайын беріледі. Мұнда үкімет мен отбасы арасында шарт жасалады. Оның негізінде жұмысқа қабілетті адам қызмет етуі керек. Отбасының табыс көзін ұлғайту үшін олар мемлекетпен бірлесе отырып, жұмыс істейді. Мамандық болмаса, 3 айлық қысқа мерзімде арнайы курсқа жіберіледі. Кәсіп ашамын деушілерге де барлық жағынан көмек көрсетіледі. Ол бірден 6 айға тағайындалады. Егер өз ісімді бастаймын деген ниеттері болса, келісім-шартта жазылғандай, 1 жылға бір-ақ алуға да болады.
Егер отбасы мүшелері жұмысқа қабілетсіз болса, онда шартсыз ақшалай көмек ұсынылады. Ол 3 айда бір рет тағайындалып, әр ай сайын беріледі.
Төменде жұмысқа қабілетсіз болып саналатын азаматтардың тізімі көрсетілген:
- Баласы 7 жасқа толмаған аналар немесе әкелер;
- Зейнеткерлер;
- Күндізгі бөлімде оқитын студенттер
- Созылмалы ауруға шалдыққан науқастар
Аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Болатбек Таңжарбайұлының айтуынша, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап кедейлік шегінің 70%-ға дейін көтерілуі және отбасына кіретін кейбір табыс көздерінің алынып тасталуына байланысты, қосымша республикалық бюджеттен 682 отбасыны (3330 адам) қамту мақсатында 544 млн теңгеге сұраныс берілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе қаласы және аудандарда отбасылардың жеке әлеуметтік картасын толтыру бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс. Осы тапсырманы орындау мақсатында, аудан әкімі Н.Алдияровтың өкімімен көп балалы, аз қамтылған отбасыларды және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтау мақсатында әрбір отбасыға үй-үйді аралау және әлеуметтік паспорттар мен карталарды толтыру бойынша жергілікті әкімшілік жанынан арнайы 13 жұмысшы топ құрылып, басшылар қатарынан 13 жауапты тұлға бекітілді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ұсынылған «отбасының әлеуметтік картасы» нысаны негізінде үй аралау жұмыстары ағымдағы жылдың 6 наурызынан басталды.
2019 жылдың 1 қаңтарында аудандық статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, 10606 аула аралау жоспарланған. Бүгінде соның 5820-сы араланып, 2762 отбасына мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде 361 отбасыға «жақсы», 2085 отбасыға «қанағаттанарлық», 189 отбасыға «нашар», 49 отбасыға «дағдарысты», ал, 78 отбасыға «төтенше» деген баға берілген. Ендігі мақсат әр отбасының жекелеген санатына байланысты, көмек көрсету жұмыстарын бастау.
«Аудандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 1.7%-ды көрсетті. Орталыққа ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер аз. І тоқсанның ішінде 24 адам «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа жіберілген. Аталмыш тәжірибе 6 айға созылып, 60 мың теңге көлемінде жалақы тағайындалады. 6 айдан соң тәжірибеден өткен мекемелерде жұмысқа қалдыруға тырысудамыз»,-дейді орталық директоры.
Мемлекет азаматтарға барлық жағдайды жасауда. Кәсіп ашуын, өз ісін дөңгелетіп әкетемін дейтіндерге де көмек көрсетуге әзір. Тек ниет пен құлшыныс болса болғаны. Еңбек етіп, тер төгемін дейтіндер үшін екі қолға бір күрек қашан да табылады.










Пікірлер